Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өкілінің айтуынша, Кешенді жоспардың 9 бағыты Оқу-ағарту министрлігіне қатысты, оның алтауы бойынша ол қоса орындаушы болсы, 3 бағыт бойынша – негізгі орындаушы.

«Қазақ халқы «Баланы – жастан» дейді. Яғни, балалар салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден ада болуы үшін балабақшадан бастап кәсіптік білім беру орындарына дейінгі жаста осы бағыттағы тәрбие шараларын жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Кешенді жоспардың 42-тармағында 2024 жылдың 1 жартысына дейін «Жаһандық құзіреттер» деп аталатын курстардың құрамына «Тіршілік қауіпсіздігі» тақырыбында модуль енгізілмек, оның аясында 5-9 сыныптардың оқушылары қамтылады. Бұл жүйе іске қосылған кезде 1,6 млн астам оқушы осы модуль бойынша тиісті білім алатын болады.

«Мәселен, 5-сыныпта «Менің денсаулығым – менің қолымда» 6-сыныпта «Денсаулық пен сұлулықтың құпияларының сыры неде?», «Мен қандай ас тұтынамын?», «Мен неден тартынуым керек?» деген балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес бірнеше тақырыптар қамтылған», – деп нақтылады Ж. Батырхан.

Сонымен қатар Кешенді жоспардың 43-тармағында кәмелетке толмағандардың аддиктивті мінез-құлқының алдын алу бойынша педагогтердің білімін жетілдіру қарастырылған.

«Қазіргі таңда біз оқушыларды оқытумен қатар, білім мен дағдыларды үйрететін өз педагогтеріміздің де білімін жетілдіріп отыруға тиіспіз. Осы бағытта арнайы семинардың - біліктілікті арттыру курсының бағдарламасын бекіттік. Оған сәйкес білім беру ұйымдарының басшыларының орынбасарлары, мектеп психологтары, сынып жетекшілеріне арналған арнайы оқыту курстары бастау алды», – деді ОАМ өкілі.

Осылайша, алдағы үш жылда Оқу-ағарту министрлігіне қарасты барлық білім беру ұйымдарынан 35 мыңға жуық педагог өз білімін жетілдіреді.

Оқушылар арасында профилактикалық жұмыс жүргізу бағытында мұндай шараларға жастардың өзін де тарту көзделген. Министрлік салауатты өмір салты бойынша пәндердің үлгілік оқу жоспарына да өзгерістер енгізуде, сонымен қатар, жекелеген пәндердің құрамында да нашарқорлықтың алдын алу қамтылады, деді спикер.