Президентке  барлық негізгі экономикалық көрсеткіш бойынша оң динамика байқалатыны жайында мәлімет берілді. Биылғы 7 айда инвестиция көлемі 9,2 пайызға ұлғайып, 678,5 миллиард теңгеге жетті. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 87 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның 15 жобасы өңдеу өнеркәсібі саласында жүзеге асырылады.

Мемлекет басшысына қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандар құрылысының барысы туралы баяндалды. Газбен жылыту станциялары мен 3-ЖЭО алдағы жылыту маусымында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Олар сағатына 1100 Гкал жылу береді. Бұл елордада жылу энергиясына деген сұранысты артығымен қамтамасыз етуге ықпал етеді. 

Бұдан бөлек, қала әкімі әлеуметтік нысандар салу (мектептер, жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үйлер, медициналық орталықтар), ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау, апатты жағдайдағы және ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жайында айтты. Сондай-ақ биылғы оқу жылында Астанада 11 мектеп салынатынын, оның төртеуі қазір жұмыс істеп жатқанын жеткізді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 90 мыңға жуық оқушыға арналған 24 мектеп салынады.  Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында бой көтермек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, жылыту маусымына дайындығына және абаттандыру жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырма берді.