Биыл елімізде инклюзияны қолдау бойынша 5 кабинет ашылды. Жыл соңына дейін тағы 37 кабинет, ал 2027 жылға дейін 200 кабинет ашу жоспарлануда. Елімізде барлығы 646 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
«Бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасалған мектептердің үлесі 80%-ды құрайды. Мектеп жасындағы ерекше білім беру қажеттілігі бар 126 мың баланың 65% мектепте инклюзивті білім берумен қамтылған. Қалған балалар арнайы сыныптарда, арнайы мектеп-интернаттарда және үйден оқиды», – деп атап өтті Орта білім комитетінің инклюзивті білім беру бөлімінің бас сарапшысы Алмас Құпаев.
Өңірлерде инклюзияны қолдау кабинеттерінің желісін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылға дейін 34 ПМПК, 26 ППТК ашу жоспарлануда. Биылдың өзінде 3 ПМПК және 2 ППТК ашылды. Бүгінде министрлікте жалпы білім беретін мектептерде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға штаттық жеке көмекшіні енгізу мәселесі қарастырылуда.