«Қазақстанның эстетикалық топтық гимнастика федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Мәдина Бектұрғанова осы спорт түрі, оның елімізде пайда болу тарихы мен дамуы туралы айтып берді.

«Эстетикалық гимнастика - денсаулық аспектісіне негізделген ең әдемі спорт түрі. Ол әлемде өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап дами бастады, Финляндияда пайда болды. 2003 жылдан бастап Халықаралық эстетикалық топтық гимнастика федерациясы бар. Қазіргі уақытта оның құрамына 49 ел кіреді, осы спорт түрінің Олимпиада ойындарының бағдарламасына енуі үшін үлкен әлеует бар», – деді федерация басшысы.

Қазақстанда эстетикалық топтық гимнастика федерациясы 2018 жылы құрылды. 2020 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің аккредитациясын алды. Уақыт көрсеткендей, әйелдер спорты да танымал бола алады. Бұл қыз балалардың бойында басқа қыздармен ынтымақтаса білу қабілетін қалыптастырады.

«Соңғы бес жылда Қазақстан тіпті пандемияға да қарамастан осы спорт түрінен үлкен серпіліс жасады. Былтыр біздің қыздар Австрияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, сондай-ақ Азия чемпионатында жеңіске жетті», – деді М.Бектұрғанова.

Спикердің айтуынша, қысқа мерзім ішінде Қазақстанда 154 спорт шебері, 54 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 25 ұлттық төреші, 5 халықаралық дәрежедегі төреші тәрбиеленді. Бұл спорт түрімен айналысатындардың жалпы саны 1500 адамды құрайды.

Өткен жылы Федерация еліміздің түкпір-түкпірінде, соның ішінде шалғайдағы ауылдарда осы спорт түрін дамыту бойынша ұлттық жобаны қолға алды. Жыл сайын қыздарды тарту, сондай-ақ жаттықтырушыларды даярлау үшін үш облысты қамтып отыру жоспарлануда. Былтыр пилоттық жобаға Абай облысынан үш ауыл – Ақсуат, Қарауыл, Қалбатау қосылды. Ақмола облысында Ақкөл, Шортанды және Ақмол ауылдары, Қарағанды облысында Шахтинск қаласы қамтылған.

«Осы жылдың 1 маусымында біз сабаққа тартылған балалардың қатысуымен үлкен фестиваль өткіздік. Жоба аясында 7 жаттықтырушы оқытылды. Бұл орталықтардың барлығы кілемдермен, музыкалық орталықтармен, сондай-ақ балаларға арналған киім, жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жаңа оқу жылынан бастап бізге тағы үш облыс – Батыс Қазақстан (Орал), Павлодар (Екібастұз), Қостанай (Рудный) қосылды», – деді федерация президенті.