Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелген жиналған сала мамандары балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспардың негізгі бағыттарын талқылады.

Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша Кешенді жоспарға барлық өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің ұсыныстарының енгізілгені қуантарлық жағдай екенін айтты.

«Өңірлік уәкіл ретінде жұмысты бастағанда біз 30 мың ата-анаға анкета таратттық, онда екі-ақ сұрақ болды: 1) тәрбие жолында қандай қиыншылықтар, проблемалар бар? 2) қандай көмек керек? Бұл сұрақтарға 21 мың ата-ана жауап берді. Сонда ата-аналардың проблема ретінде бірінші орынға қойған мәселесі – интернет, гаджет, әлеуметтік желілер болса, екіншісі – отбасылық кикілжің болды», – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Бұл ретте ата-аналар түрлі кездесулердің өткізіп, ақпараттардың берілуіне аса мұқтаж екенін білдірген. Ә.Бимендина осы мәселеге көңіл бөлінетінін атап өтті.

Өз кезегінде «QOLDAU» білім беру ұйымдарының Қамқоршылық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Фарида Сағындық Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде осы құрылымның жұмысы туралы айтып берді.

«Баланы бүгінгі таңда біз отбасынан жеке қарай алмаймыз. Өйткені бала отбасында тәрбиеленгеннен кейін біз баланы отбасымен бірге кешенді түрде сүйемелдеуге және осыған атсалысуға барлығымыз күш-жігерімізді жинақтап, осы салада көптеген жұмыс істеуіміз керек», – деді ол.

Оның айтуынша, Комиссияның қабылдаған шешімі, ата-ана құқығынан айыру болсын немесе ата-ананың құқығын шектеу болсын немесе профилактикалық әңгімелесу болсын, соңында сот шешеді.

«Бірақ біздің беретін ұсынысымыз өте маңызды», – деді Ф. Сағындық.

Осы ретте ол комиссияның баланың сол отбасында тұру салдары, психологиялық жағдайы т.б. барлығын жан-жақты талқылап, негіздегеннен кейін ғана өз ұсынысын шығаруы керектігін, бірақ өкінішке орай қазір олай болмай отырғанын айтты. Сондықтан жаңа Кешенді жоспарға осы мәселелер енгізілген.