Келісім Орталық Азия өңірінде жер үсті көлігімен халықаралық тасымалдарды дамыту үшін одан әрі қолайлы жағдай жасау және көлік қызметтері нарығында бәсекелестік ортаны қамтамасыз етуді көздейді.

Келісімге қол қою рәсімінің қорытындысы бойынша оны ратификациялау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.    

Сондай-ақ Мемлекет басшыларының Консультативтік кездесуі шеңберінде көлік министрлерінің бірінші отырысы, «ЭКСПО Орталық Азия 2023» көрмесі және екіжақты кездесулер өтті.

Министрлердің отырысы барысында тұрақты көлік қатынасы мәселелері талқыланып, өңірдегі мемлекеттер мен басқа елдер арасындағы сауда байланыстарын нығайту мақсатында Орталық Азиядағы көлік және логистикалық қызметтерді, сонымен бірге өндірістік қуаттарды дамытуға ықпал ететін Душанбе коммюникесіне қол қойылды.