Қазақстанның Тунис елімен қарым-қатынасы нығая түсуде. Соңғы екі жылдың ішінде екі ел бірлескен бірнеше ауқымды іс-шараны өткізген. Тунис Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Абдель Монем Белатидің елімізге осы сапарының алғашқы ресми сапары екенін айрықша атап өтті Е.  Байдәулет. Осы екі күннің ішінде маңызды кездесулер өтті. Оның ішінде ҚР ауыл шаруашылығы министрі мен Тунис ауыл шаруашылығы министрінің кездесуі болды, соның аясында тиімді келісімшарттар жасалып, маңызды мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар Тунистің өнеркәсіп, сауда және қолөнер одағы (UTICA) мен Атамекен ҰКП арасында маңызды келісімшартқа қол қойылды. Ал ҚР және Тунис мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы министрлері Катар, Дохада өтетін Алтыншы бас ассамблея аясында екі ел арасында үлкен құжатқа қол қоймақ. Екі ел арасында біздің ұйымымыз аясында үлкен жұмыс атқарылады деп сенеміз, дейді спикер.

«Біз әсіресе, кәсіпкерлерді таныстырып жатырмыз. Екі елдің кәсіпкерлерінің арасында бірнеше кездесу болды. Біздің ойымызша, мұнда үлкен әлеует бар. Қазақстанның экспорттық тауарларын көрсетуге мүмкіндік болды», – деді Е. Байдәулет.

Тунис елі әлемдегі құрма, балық, зәйтүн майы сияқты маңызды азық-түлік өнімдерін экспорттайтын ірі ел. Сондықтан, Қазақстан осы елмен тікелей қарым-қатынас орнататын болса, біз мұндай өнімдерді тікелей импорттайтын ел болғандықтан, оларды тікелей алғанымыз дұрыс деп санаймыз деп нақтылады Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры. Бұл сонымен қоса, осындай азық-түлік бағаларының төмен болуына да түрткі болмақ.

Сонымен қатар бүгінгі кездесулер аясында ірі кәсіпкерлер Қазақстанмен сауда түрінде жобаларды бастап, кейіннен инвестиция түріндегі жобаларды қарастыруға дайын екенін жеткізді Е. Байдәулет.