Спикердің айтуынша, біздің фермерлер пайдаланатын дәнді дақылдар тұқымының 80%-дан астамы қазақстандық сорттар. Бұрын отандық селекционерлер бірінші кезекте егіннің ауруларға, жапырылуға, құрғақшылыққа төзімділігіне назар аударған. Биылғы жыл енді жоғары ылғалдылыққа төзімді сорттарға да сұраныс бар екенін көрсетті. Қазір олар осы мәселемен мұқият айналысуда.

«Нөсер жаңбыр кезінде СҚО Қарабалық тәжірибе станциясының "Айна" сорты өте жақсы нәтиже көрсетті. Астық өнуге бейім емес еді. Яғни, дер кезінде егілген қазақстандық селекцияның сорттары агротехникалық ережелерге сәйкес қазіргі ауа райына төзімді болып шықты», - деді АШМ департаментінің басшысы.

Ең нашар нәтижелерді импорттық сорттар көрсетті, деп атап өтті спикер. Біздің фермерлердің арасында Шортанды, Қарабалық, Қарағанды тәжірибе станцияларында өсірілген сорттар өте танымал.

Департамент басшысы атап өткендей, қаржыландыру бағдарламасы арқылы қазақстандық селекционерлердің республиканың қазіргі ауа райына бейімделген жобаларын субсидиялау жоспарлануда.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз қысқа мерзімге арналған тұқым шаруашылығы картасын әзірледік. Қазіргі уақытта ол мемлекеттік органдарда келісуден өтуде. Картада элиталы тұқым шаруашылығы шаруашылықтарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету және агроғылымды қаржыландыру шаралары қарастырылған», – деді А.Сұлтанов.