«Астана Опера» театрының солисі Шұғыла Әдепхан басты партияны орындауы туралы айтып берді. Оның сөзінше, «Сильфида» балетте жаңа романтизм дәуірін ашты.

«Менің кейіпкерім Сильфида репертуарымдағы барлық кейіпкерлерден ерекшеленеді. Мен үшін бұл партия әр дайындық сайын жаңа қырынан танылып, бүкіл романтизм дәуірі сияқты, зерттелмеген партия болады. Бұл жерде күрделі техника элементтері жоқ, Сильфида ұстатпайтын ауа қызы, елес, жарытылыс ретінде, ең бастысы жеңілдік пен нәзіктікті көрсету керек болды. Басқа балеттердегідей секіру элементтері ерекшеленеді. Көрермен сенің елес екеніңді түсінуі үшін қимылдың поэтикалық әуезділігі арқылы жеткізе білу керек. Сол үшін ең бастысы балеттің драматургиясын түсіну өте маңызды, кейін өзіңді басқа ампулада тану, өзіңді жаңа қырынан ашу, өз жан дүниеңе саяхат жасау әр балерина үшін маңызды», – деді актриса. 

«Астана Опера» солисі Серік Нақыспеков қойылым  жайлы түсіндірді.

«Балет туралы айта кетсек, «Сильфида» балеті романтикалық балеттің бір таңбасы десе де болады. Бұл балет тарихында өзінің басты бір орны бар. Осы балетпен бірге балет сахнасына романтизм дәуірі келді. Бірінші премьерасы 1832 жылы Парижде Гранд опера театрында болған. Бірінші хореографы Филиппо Тальони өзінің қызы Мария Тальониге қойған. Бұл балет дүние жүзіне танымал болған. Соған қарай хореограф Август Бурнонвиль өзінің мемлекетінде, Копенгагенде қойғысы келген. Бірақ, қаражаты болмаған соң досы Герман Левенскольдқа музыкасын жаздыртып, сол музыкаға өзінің хореографиясын, өзінің интерпретациясын қойдыртқан. Бурнонвильдің өзінің стилі бар, сол стилін осы балетте көрсеткен. Балет толығынан осы Бурнонвильдің стилінен, Шотландияның мәдениетінен тұрады. Өз жағымыздан жұмыс қызуда», – деді актер. 

Сонымен қатар спикер костюмдер мен декорацияларға қатысты өз пікірімен бөлісті. Қойылымның премьерасы 29-30 қыркүйекте және 1-3 қазанда болады.