Ведомство басшысы өз сөзінде өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленгенін айтты. Атап айтқанда, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, кәсіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу және т.б. ұсынылатын болады. 

Еңбек министрлігі зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін осы санаттағы азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу мәселесін пысықтауда.

«Ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде барлық әртүрлі саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай табысы артады», - деді С. Жақыпова. 

Бұдан басқа, министрлік Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақының мөлшерін айқындайтын әдістеменің жобасын әзірледі, оған сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады. 

Сонымен бірге ЕХӘҚМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамту саласында жұмыс істейтін азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау тетіктерін пысықтауда.