Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Мемлекет басшысының Жолдауының қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау шеңберінде іске асырылуы туралы баяндаған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова министрліктің Еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарының жобасын дайындап жатқанын хабарлады. 

Ведомство басшысының айтуынша, құжат осы жылдың қазан айында Үкіметке енгізіледі. 

«Бүгінгі таңда еңбек нарығы бәсекеге қабілетті, болжамды және бейімделгіш еңбек нарығын құруға бағытталған дамуды қажет етеді, оның маңызды басымдығы жаңа және сапалы жұмыс орындарын құру болып табылады», – деді министр.

Өнеркәсіп, құрылыс, көлік саласы сияқты экономиканың негізгі нақты секторларын индустрияландыру, сондай-ақ сауда мен қызметтерді, ауыл шаруашылығын, IT саласын, өнер мен туризмді, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібін дамыту сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері болуға тиіс. Сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу және ілгерілету, жұмыс уақытының икемділігіне, мансап пен жеке өмір теңгеріміне негізделген жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін құру да осы қатарда. 

«Ел Президенті қойған барлық міндеттер жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес уақытылы орындалатын болады», - деді С. Жақыпова.