Биыл 12-13 қазанда Астанада бесінші Digital Bridge форумы өтеді. Осы жылғы күн тәртібі жасанды интеллект саласындағы адам мен технология арасындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ олардың өзара жалпы экономикалық даму әсеріне арналған. Мұнда айтылған пікірталастар мен идеялар цифрлық саланың дамуына маңызды үлес қосады деп үміттенеміз, деді ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық технологияларды дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов.
«Халықаралық форум дәстүрлі түрде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, шетел мемлекеттерінің өкілдері, халықаралық корпорациялардың көшбасшылары, ақпараттық технологиялар мен инновациялар саласындағы үздік халықаралық және отандық сарапшылар, сондай-ақ барлық өңірлерден келген венчурлық инвесторлардың қатысуымен өтеді», – деді спикер.
Іс-шараның ауқымы артып келеді. Digital Bridge осы жылы өз алаңында 20 мыңнан астам қатысушыны, 300-ден астам IT-компанияларды, 100-ден астам инвесторлар мен бизнес инвесторларын, әлемнің 20-дан астам елінен жүздеген спикерлер мен стартаптарды біріктіреді деп күтілуде.
Форум бағдарламасында жұмыс жәрмеңкесі, ІТ-мектептердің, өңірлік ІТ-хабтардың, стартаптар мен технологиялық компаниялардың көрмесі секілді түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
«Digital Bridge инновациялар мен технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Бұл іс-шараға қатысушылар халықаралық серіктестіктер орнатады, тәжірибе мен білім алмасады, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар мен қаржы институттары алдында өздерінің инновациялық жобаларын ұсынады. Бұл форумда инвестициялық мәмілелер жасалып, халықаралық нарықтарға шығу арналары құрылады», – деді Ерсұлтан Ерманов.
2018 жылдан бастап аталған форумның барлық уақытында 40 мыңға жуық адам қатысты. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша форум аясында екі күннің ішінде 24 екіжақты кездесу өткізіліп, ІТ-инновацияларды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы 29 меморандум мен келісімге қол қойылды. Өткен жылғы форумның басты оқиғаларының бірі ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің инновациялық экожүйесін дамыту мақсатында түркі елдерінің технопарктері арасындағы ынтымақтастық туралы көпжақты меморандумға қол қойылуы болды. Осыған дейін 2022 жылғы қарашада Самарқандтағы ТМҰ саммиті барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Hub базасында түркі елдерін цифрландыру орталығын, сондай-ақ түркі елдері үшін венчурлық қорын құру бастамасын ұсынды.
«Соның нәтижесінде 2023 жылдың 15 қыркүйегінде біз Кремний алқабында Silkroad Innovation Hub аштық. Нәтижесінде Draper University мен Astana Hub арасында Hero Training бірлескен бағдарламасын іске қосу туралы келісім жасалды. Біздің стартаптар Кремний алқабында белсенді дамып келеді», – деді Е. Ерманов.
Сондай-ақ былтырғы Digital Bridge маңызды сәттерінің қатарында Қазақстанда TikTok өкілдігінің ашылуын және TikTok білім беру және маркетинг бағдарламаларының іске қосылуын атап өткен жөн.
Тағы бір маңызды оқиға, 2022 жылы форумда 900-ден астам қызметкер жұмыс істейтін Enrive ірі кеңсесін Қазақстанға көшіру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл қызмет қазір әлемдегі 47 елдің 700-ден астам қаладсында жұмыс істейді және оның қазіргі құны 2 миллиард доллардан асады.
Digital Bridge форумы инновациялық идеялар мен стартап-жобаларды жаңа нарықтарға шығаруда маңызды рөл атқарады. Әлемдік бастамаларға қатысу және өңірлік экожүйелерді қолдау технологиялық индустрияның дамуына елеулі әсер ете отырып, бизнес пен кәсіпкерлер үшін жаңа перспективалар ашады. Мысалы, ҰБ ресми деректеріне сәйкес, 2021 жылы ІТ-қызметтердің экспорты 60 млн АҚШ долларын құрады, ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш бес есеге өсіп, 133 мың АҚШ долларына жетті.
«Бұл біздің цифрлық өнімдеріміздің халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екендігінің көрсеткіші», – деді спикер.