Astana Hub басқарушы директоры Алина Абрахманова Digital Bridge 2023 форумының ең маңызды әрі қызықты оқиғаларына шолу жасады. Форумдағы маңызды сәттердің бірі – Digital Bridge Awards-қа қатысты болмақ. Бұл халықаралық марапат үздік стартаптарға, инновациялық жобаларға және кәсіпкерлерге беріледі. 

«Биыл іс-шараның ерекшелігі, Қазақстаннан ғана емес, бүкіл аймақтан 350-ден астам өтінім қабылдадық. Яғни, биылғы жылы сыйлық халықаралық мәртебеге ие болады», – деді Алина Абдрахманова баспасөз конфееренциясында.

Тағы бір маңызды оқиға жыл сайынғы үздік IT-стартаптар арасындағы сайыс - дәстүрлі Astana Hub Battle өткізілуі болмақ. Егер өткен жылы жүлде қоры 10 мың долларды құраса, биыл ол бес санаттағы жеңімпаздар арасында бөлінетін 125 мың долларды құрайды. Олар – «Ең үлкен әлеуметтік үлес», «Ең инновациялық стартап», «Ең жоғары өсу қарқыны бар стартап», «Жасанды интеллект саласындағы үздік стартап» және «Инвесторлар үшін ең тартымды болып шыққан стартап».

Әдетте жартылай финалға 100 стартап қатысады, ал финалда 10 жоба қалады, оны IT индустриясының аса танымал өкілдері, белгілі инвесторлар бағалайды.

«Сондай-ақ, стартаптар үшін Стартаптар аллеясында өздерінің IT-жобаларын ұсыну мүмкіндігі бар. Онда білім беру, денсаулық сақтау, үлкен деректер, агротехнология, киберқауіпсіздік саласындағы озық жобалар болады. 100-ден астам технологиялық жоба өз әзірлемелерін форумға келушілерге ғана емес, инвесторларға да ұсына алады», – деп толықтырды спикер.

Тағы бір ерекше оқиға стартаптар туралы «Мeet the Drapers» реалити-шоудың түсірілуі болмақ. Биыл олар алғаш рет Орталық Еуразияда түсірілім жүргізеді. Белгілі венчурлық инвестор Тим Дрейпер Қазақстанға өзі келеді және олар қазір стартаптар арасында өтінімдерді іріктеп алуда. Форум алаңында өз жобаларын ұсынатын төрт қатысушы таңдалады. Жеңімпаз Кремний алқабына барады, онда ол 1 миллион доллар инвестиция алу мүмкіндігі үшін күреседі.

Сондай-ақ форум аясында алғаш рет Google for Startups саммиті өтеді. Google for Startups акселерация бағдарламасы бойынша компанияның 15 әріптес елі Қазақстанға келіп, өздерінің сараптамалық іс-шараларын өткізеді. Бұл Google-мен бірлескен Silkway Accelerator бағдарламасының логикалық жалғасы болады. Ол арқылы жиынтық бағасы 400 млн долларды құрайтын 37 стартап өтті.

Форумда венчурлық қорлар мен бизнес инвсторлар клубтары болады. Олар үшін кез-келген стартаптар келіп, өз идеяларын ұсына алатын жеке көрме аймағы болады. Жұмыстың тиімділігі үшін Pitching Zone ұйымдастырылады - бұл корпорациялар мен инвесторлар стартаптармен жүздесетін аймақ. Сонымен қатар, оларға қатысу үшін стенд қажет емес -тек тіркелу жеткілікті.

«Digital Bridge 2023 форумы дәстүрлі түрде маңызды және жемісті кездесулер мен талқылаулар платформасына айналатынына сенімдіміз», – деп қорытындылады Astana Hub басқарушы директоры.