Ханчжоу қаласында өтіп жатқан жарыста 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында 18 жастағы Зухара Ирназарова алтын жеңіп алды. Отандасымыз 560 ұпай жинап, Солтүстік Кореядан келген екі мергеннен озып кетті.

Сонымен қатар қазақстандық Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында бірінші орын алды. «Скит» жаттығуының финалында қазақстандықтар Кувейттен келген қарсыластарынан басым түсті. Қорытынды есеп 40:35.

Ал еліміздің әйелдер құрамасы күміс жүлдеге ие болды. 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында Зухра Ирназарова, Фатима Ирназарова, Александра Садуақасова 2-орын алды. Алтын медальді Солтүстік Корея құрамасы иеленді. Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Ал үштікті Индонезия құрамасы түйіндеді.

Жағажай волейболынан да ерлер командасы жүлдеге қол жеткізді. Жұптық бәсекеде Дмитрий Яковлев пен Сергей Богату Иран спортшыларын 2:0 (25:23, 30:28) есебімен ұтты. Еліміздің қоржынына тағы бір қола медаль түсті.

Таеквондодан 67 келі салмақта бақ сынаған Жансель Дениз жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшысы Дабин Лиге 1:2 есебімен ұтылып, 3-орынға ие болды.

Сондай-ақ таэквондодан +80 келіде өнер көрсеткен Смайыл Дүйсебай жартылай финалда қытайлық Жаохианг Сонгке 0:2 есебімен жол беріп, қола жүлдегер атанды.