Өңірдегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету практикасы орталығы Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылындағы орталық аудандық аурухана базасында, ал екіншісі Талдықорған қалалық №1 емхананың 6-шағын аудандағы ғимаратында ашылды.

Бұл орталықтар медициналық мекемелердің құрылымдық бөлімшелері бола отырып, адам денсаулығына қамқорлық жасайтын кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек беру орталықтарына айналады. Бұл ретте мультидисциплинарлық топ көп бейінді командадан құралған, оның құрамында отбасылық дәрігерлер, патронаж мейіргерлері, акушерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар бар.

Жалпы мұндай үздік практика орталықтарын құрудағы негізгі мақсат – медициналық көмекті қолжетімді ету, адам мен оның отбасының қажеттіліктері үшін денсаулық сақтау қызметтерін интеграциялау, шағымдар санын азайту, шағым түрлерін талдау, ұйымдастыру және әдістемелік жұмыс жүргізу.

Тағы бір аспектісі – халықтың медициналық сауаттылық деңгейін арттыру, ауруларды емдеу және профилактика процесіне қатысу, халықтың денсаулығын сақтау саласындағы жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу, сондай-ақ диагностикаға бағдарланған тәсілден жеке адамға бағдарланған тәсілге көшу.