Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық каратэші Лаура Әліқұл күміс медаль иеленді. 68 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз финалда қытайлық Цяоцяо Лиге 0:4 есебімен ұтылды.

Сонымен қатар 57 келіде бақ сынаған боксшы Карина Ибрагимова күміс жүлде жеңіп алды. Ол финалда Тайбэй спортшысы екі дүркін әлем чемпионы Ю Тин Лиге есе жіберді. 

Грек-рим күресінен 29 жастағы Әлімхан Сыздықов 130 келі салмақта қола жүлде үшін белдесуде Түрікменстан палуаны Айбегшазада Курраевтан 5:1 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Джиу-джитсудан 69 келідегі Алдияр Серік Сингапурден келген қарсыласы Ноа Тян Рун Лиманы 2:0 есебімен жеңді.

62 келіде сынға түскен джитсер Мансұр Хабибулла 3-орын үшін өткен бәсекеде Марк Александер Лимді (Филиппин) 6:2 есебімен ұтты.