Қазақстанда креативті индустрияны дамыту бойынша нақты шаралар қолға алынуда. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында мәлім етті. 

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика үшін аса қажетті креативті индустрияны қолға алуды осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан. Қазір сол бастама ел игілігі үшін маңыздылығын көрсетіп отыр. Мәселен, Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған Шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасын бекітіп, жүзеге асыруды бастады. Оған қатысты қызметтің 43 түрін белгіледі. Нәтижесінде ел бойынша 95 мың адам жұмыспен қамтылып, 32 мың кәсіпкердің жұмысы жанданды. Жақында шығармашылық жобалардың питчингтері, соның ішінде оқу семинарлары өткізілді. Оған 200-ден астам адам қатысты», - деді министр. 

Бұған қоса, білім беру, сәулет және қала құрылысы, ІТ сынды салаларда 5-тен астам жоба қаржыландырылып, 70 млн теңгеден астам жеке инвестиция тартылған.