Аталған жоба СҚО-ның тауарлы сүт фермаларын салу жөніндегі оң тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерге таратуға бағытталған. Тамыз айындағы осы мәселе бойынша өткен соңғы кеңестен бері өңірлерде Үлкен жобаны бастауға қатысты жұмыстарда едәуір ілгерілеушілік бар. 2023 жылғы 31 тамызда АӨК саласындағы жобаларды несиелеу қағидалары қабылданды. Бұл сенімді агенттер арқылы 2,5%-бен 10 жылға дейін несие рәсімдеуге мүмкіндік береді. Несиенің ең жоғарғы сомасы 5 млрд теңгеге дейін.
-
Үлкен жобаға қатысатын 11 облыстың 8-і ӘКК атынан сенімді агенттерді анықтады.
-
Тағы 3 өңір (Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары) оларды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізуде.
-
Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары 34 млрд теңге көлемінде несиелеу қаражатын алды.
-
Қазан айында тағы 5 өңірге (БҚО, Алматы, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстары) 52 млрд теңге аудару жоспарлануда.
Мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ҰКП бірлесіп жобалардың әлеуетті пулын, оның ішінде өтініш беруші кәсіпорындардың бизнес тұрақтылығы тұрғысынан талдады. Жұмыс жаңа бағдарлама шеңберінде бюджет қаражатын жұмсаудың іске асырылуы мен тиімділігін бақылау үшін мемлекеттік органдар, бизнес және әкімдіктер арасында салааралық интеграция құру туралы вице-премьердің тапсырмасын орындау шеңберінде жүргізіледі.
Талдау қорытындысы бойынша кейбір жобалар алынып тасталды, ал әкімдіктерге 2024 жылдан бастап іске асыруға толық дайын және Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін жобалардың сапалы тізбесін енгізу тапсырылды. Талдаудың қорытынды нәтижелерін келесі кеңесте қарау туралы шешім қабылданды.
Анықтама: Үлкен жоба – Солтүстік Қазақстан облысының негізгі азық-түлік өнімдерін өндіретін зауыттар құрылысының жобаларына жеңілдікпен несие берудегі оң тәжірибесін тарату. Осы тетіктің арқасында 2 жыл ішінде Солтүстік Қазақстанда 21 тауарлы сүт фермасы салынды. Нәтижесінде бүгінде шамамен 648 мың тонна сүт өндіреді немесе ел бойынша бүгінгі таңда өндірістің 10,3%-ы СҚО-на тиеслі. Үлкен жоба 5 жылға есептелген. Тауарлы сүт фермаларының (400 бастан бастап), көкөніс қоймаларының (1000 тоннадан бастап), ет бағытындағы құс фабрикаларының (жылына 5000 тоннадан бастап), суармалы егіншіліктің, етті мал шаруашылығының құрылысын қамтиды. Бірінші кезеңде, яғни 2023 жылы оны іске асыруға 100 млрд теңге бөлінді. Осы қайтарымды қаражатқа 65 тауарлы сүт фермасы салынады. Салынған фермалар толық қуатына шыққан кезде Қазақстанда сүт өндірісі 322 мың тоннаға ұлғаяды. Екінші кезеңге, яғни 2024 жылға да 100 млрд теңге бөлінді.