Оның айтуынша, конкурстық өтінімдерді қабылдау үстіміздегі жылдың 26 қыркүйегінен басталып, бұл шара екі ай мерзімге созылатын болады.
Аталған грант 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және медиа бағыттары бойынша табысталуда. Грант берудің мақсаты – жастардың белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа және қазіргі кездегі бастамаларын мемлекеттік қолдау.
Конкурстық өтінімдерді орталық атқарушы органдар мен азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар, тиісті сала мамандары мен сарапшылардан құралған арнайы комиссия бағалайтын болады. Оның қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін 30 жас азаматқа 3 млн теңге мөлшерінде грант беру жоспарлануда. «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын пайдалану мерзімі – 1 жыл.
«ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын 2029 жылға дейін беру жоспарланған. Бұған қоса, өңірлерде де осындай шағын гранттар жүзеге асырылуда. Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 226 грант беру көзделсе, оның 70-сі жастарға табысталған. Қалғаны жыл соңына дейін өңірлерде жастарға табысталатын болады», – деді Р.Құспан.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына конкурс туралы толық ақпарат ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында және ведомствоның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланған.