Ол бірнеше нақты мысал келтірді. Ірі құтқару операцияларының ішінде Түркия мен Ауғанстанда болған ауқымды жер сілкіністерінің, 1990 жылы Зайсанда, 2003 жылы Жамбыл облысының Луговая станциясындағы жер сілкіністерінің, Қызылорда және Қарағанды облыстарының аумақтарындағы зымыран апаттарының, Арыс қаласы мен Жамбыл облысындағы оқ жарылыстарының салдарын жоюға, Мақтаарал ауданындағы су тасқынының, Риддер қаласы, Қостанай және Абай облыстарында болған орман өрттерін сөндіруге қатысуларын атады.
«28 жыл ішінде құтқарушылар төтенше жағдайлар мен өрттерді жоюға бір жарым миллионнан астам шығулар жасады. Олардың кәсібилігі мен жеделдігінің арқасында 400 мыңнан астам адам құтқарылды, 380 мыңға жуық адам ТЖ түрлі аймақтарынан эвакуацияланды, 70 мыңнан астам азаматқа медициналық көмек көрсетілді. Ағымдағы жылдың 9 айында ғана 9 мыңнан астам төтенше жағдай тіркелді, 1,5 мыңға жуық азамат зардап шекті, 539 адам қаза тапты. Материалдық шығын шамамен 171 млрд теңгені құрады», – деп тоқталды статистикалық мәліметтерді атаған министр.