Ел ішінде демалатын азаматтар қатары біртіндеп артып келеді. Биылғы 6 ай қорытындысы бойынша елімізде 3,1 млн қазақстандық турист саяхаттады. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл 400 мың туристке артық. Жыл соңына дейін 9 млн ішкі турист болады деп болжануда. Орталық коммуникациялар алаңындағы баспасөз мәслихатында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев осындай мәлімет келтірді. 

«Айта кету керек, тек ішкі туристер ғана емес, шетелдік туристер саны да өсті. Өткен жылмен салыстырғанда, шетелдік туристер саны екі еседей өскен. Өткен жылы 292 мың шетелдік турист болса, осы жылы 516 мыңнан астам турист келді. Бұл көрсеткіш те жыл соңыңа дейін 1,4 млн жетеді деп отырмыз», – деді Ержан Еркінбаев. 

Туристер санының өсуі отандық туристік бизнес үшін табыс екенін атап көрсеткен вице-министр қонақ үйлер жарты жыл ішінде 100 млрд теңге кіріс көргенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 млрд теңгеге артық. 

«Бюджетімізге биылдың қорытындысы бойынша туризмнен 400 млрд теңге салық түседі деп жоспарлап отырмыз. Салыстырсақ, дағдарысқа дейінгі 2019 жылдан бұл екі есе көп», - деп мәліметімен бөлісті вице-министр.

Оның ақпаратына сәйкес, бүгінде туризм саласы 500 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Салаға тартылған инвестиция көлемі де өсіп келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 513 млрд теңге болған. Биылғы инвестиция 8 айда  312 млрд теңгені құрап отыр. Демек, өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 34 пайызға көп, деп есеп берді министрлік өкілі.