Халықты әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істейтін 35 мың маманның ішінде медицина қызметкерлері, арнайы педагогтар мен әлеуметтік қызметкерлер арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Республика бойынша әлеуметтік қызметкерлер саны 12704 адамды құрайды, оның 1251-і үкіметтік емес секторда жұмыс істейді.
АӘҚ-ның негізгі мақсаты – азаматтарға туындаған әлеуметтік мәселелерді еңсеруге көмек көрсету және қоғам өміріне қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру. Қажеттілікке байланысты арнаулы әлеуметтік қызметтер 8 бағыт бойынша ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық.
АӘҚ-ны 740-қа жуық мемлекеттік ұйым ұсынады, оның ішінде: 118 мемлекеттік арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, 87 мемлекеттік күндізгі болу орталықтары, 34 мемлекеттік оңалту орталықтары, 505 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері.
Бүгінгі күнде АӘҚ көрсету бойынша әлеуметтік тапсырысты еліміздің барлық өңірлерінде 189 ҮЕҰ жүзеге асыруда.
Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту бойынша келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргізуде: АӘҚ және тариф белгілеу стандарттарын жетілдіру; арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін монополиясыздандыру және деинстуализациялау; әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін көтеру.
Әлеуметтік кодексте әлеуметтік қызметкерлерге жеке тарау арналғанын атап өткен жөн, онда олардың кәсіби қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері, жұмыстың мәртебесі мен ерекшеліктері, кәсіби құпия мен мінез-құлық этикасы туралы ұғымдар, кәсіби қызметті орындауға байланысты шектеулер және әлеуметтік кепілдіктер көрсетілген.
Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру көзделеді. Оқу аяқталғаннан кейін кәсіптік дағдыларға сәйкес санаттар беріле отырып сертификатталады. Сондай-ақ Әлеуметтік қызметкерлер тізілімін құру көзделген, бұл мүгедектігі бар адамдардың өздеріне қажетті маманды таңдауға мүмкіндік береді. 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен орындалатын жұмыстардың күрделілігін ескере отырып, оларға еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілетін болады.
2021-2023 жылдар аралығында әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен арттырылғанын естеріңізге саламыз. Нәтижесінде әр қызметкердің жалақысы 2 есе өсті.
Сонымен қатар, қолданыстағы қосымша ақының мөлшерін базалық лауазымдық жалақының 30 пайызынан лауазымдық жалақының 40 пайызына өзгерту жолымен – әкімшілік, көмекші персонал қызметкерлерінің, мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін, оның ішінде: стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейтін жұмыскерлердің жалақысы артты.