Ол заң елімізде қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталғанын жеткізді.
«Халықаралық сарапшылармен, 50- ден аса жұмыс топтарының отырыстары өтті. Халықаралық тәжірибе талқыланды», - деп мәлім етті Мәдениет және ақпарат вице-министрі.
Заңда қоғамдық бақылаудың негізгі қағидаттары ретінде «заңдылық, жариялылық, ашықтық және қоғамдық бақылау субъектілерінің ерікті қатысуы мен тәуелсіздігі» бекітілген. Сондай-ақ құжатта азаматтар қоғамдық бақылауды жүзеге асыра алатын қоғамдық бақылау объектілерінің тізбесі айқындалды.
«Олар барлық жергілікті атқарушы органдар, орталық атқарушы органдар, сонымен бірге квазимемлекеттік сектор, орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдары болып табылады», - деп атап өтті спикер.
Заңда қоғамдық бақылауға қатысу шарттары да айқындалған.
«Қоғамдық бақылауды іске асыруға он сегіз жасқа толмаған, өтелмеген соттылығы бар, наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар жіберілмейді», - деп хабарлады Данияр Қадыров.
Қоғамдық бақылау және әкімшілік рәсімдер мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының 3 кодексіне және 10 Заңына өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта аталған заңдарды іске асыруға бағытталған 16 нормативтік құқықтық актілер даярланып, құзіретті мемлекеттік органдармен келісу өтіп жатыр.