Сала басшысы мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарды бөлуде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында балабақшаға кезекке қоюдың бірыңғай деректер базасы әзірленіп жатқанын хабарлады.
«Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізу арқылы ата-аналардан құжат жинау қажет етілмейді, барлық деректер автоматты түрде расталатын болады», - деді министр.
Ғани Бейсембаев жариялаған мәліметке сәйкес, бүгінде еліміздегі 11 мыңнан аса мектепке дейінгі ұйымға 1 миллионға жуық бала барады. Қазір 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 89,5% құрайды.
«Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін балабақшаларды ашу жалғасады. Биыл 81 мың жаңа орын пайдалануға беріледі», - деп мәлім етті ведомство жетекшісі.
Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау да назардан тыс қалмаған. Министр 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылғанын жеткізді.
Сондай-ақ, салаға кәсіби мамандарды тарту бағытында да шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, қыркүйек айынан бастап тәрбишілердің жалақысы 30%-ға арттырылған. Және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де өз жалғасын табатын болады, деді министр.