Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитіне қатысу үшін Астанаға келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Түркия Президентінің Қазақстанға сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу екі елдің көпжақты қарым-қатынасын нығайтуға және Түркі әлемін дамытуға тың серпін беретініне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев саммит барысында көтерген маңызды бастамалары мен салмақты ой-пікірлері үшін Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтты.

– Қадірлі бауырым, Атажұртқа қош келдіңіз! Түркия – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Сондай-ақ Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Сіз өзара қарым-қатынасты дамытуға орасан зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын. Арадағы тұрақты келіссөздердің арқасында бүгінде көптеген келісімдеріміз табысты жүзеге асырылуда. Былтыр екіжақты тауар айналымы 54 пайызға өсіп, 6,3 миллиард доллар болды. Осы көрсеткішті 10 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Түркия – еліміздің негізгі төрт сауда серіктесінің бірі. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Елімізде түрік капиталының үлесі бар 4300-ден астам компания жұмыс істеп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды және түрік халқын Түркияның 100 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бауырлас елдің мерейтойына орай Астанада Анадолы көшесін, Шымкентте Түркия даңғылы мен саябағын және Алматыда Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткішін ашу жоспарланып отырғанын айтты.

Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитін жоғары деңгейде өткізгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін жеткізді.

– Саммитті табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Биыл 6 ақпанда жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясының Нурдагы ауданында мектеп салу туралы шешіміңіз үшін тағы да алғысымды білдіремін. Бұл мектеп түрік-қазақ бауырластығының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын символдарының біріне айналады деп сенемін. Жаһандағы және аймақтағы оқиғалар Түркі әлемінің өзара тығыз қарым-қатынаста болуын талап етеді. 2021 жылы Ыстанбұлда өткен  саммитте біз өзгеріс процесін бастадық әрі біздің ұйымға мықты институционалдық құрылым сипатын беру туралы шешім қабылдадық. Осы уақыт аралығында біз маңызды қадамдар жасадық. Ол әлі жалғасады. Атажұртта маған және менің делегацияма көрсеткен құрметіңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін, – деді Түркия Президенті.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән берілді. Президенттер Қазақстан мен Түркияның жан-жақты ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеруге байланысты барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.