Отандық балық саласын мемлекеттік қолдауға қатысты нақты шаралар қабылдануда. Оның бірқатарын ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында айтып берді. Мысалы, Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына саланы ілгерілетуге ықпал ететін өзгерістер енгізілгенін жеткізді. 

«2023 жылғы қыркүйекте Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына кредиттеу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін, су беру және балық өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын енгізу бөлігінде өзгерістер, сондай-ақ балық бойынша инвестициялық жобаларға бюджеттік кредит беру мүмкіндігі енгізілді», – деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, сонымен қатар, балық ресурстарын сақтау және молайту, кәсіпшілік балық аулауды дамыту және балықты қайта өңдеу жөніндегі шаралар да қосылған. Бұнымен қатар, осы жылдың қараша айында Парламент Мәжілісіне бизнесті мемлекеттік қолдауды кеңейтуге құқықтық негіз болатын «Акваөсіру туралы» заң жобасын енгізу жоспарланған.

Бұған қоса, Атырау қаласындағы мемлекеттік бекіре зауытының өндірістік базасы жаңғыртылатын болады. Министрлік тиісті Жол картаны бекітіп, оны жүзеге асыру шеңберінде зауыт құрылыстарының тұрақтылығына техникалық тексеру жүргізіліп, биологиялық негіздеме әзірленген. 

«Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурс өткізілуде. Жеңімпазды анықтап, шарт жасасу осы жылдың қараша айының соңына жоспарланған», – деп нақтылады Ерлан Нысанбаев.