Сонымен қатар, министрдің айтуынша, өңделмеген балық экспортына шектеулер енгізілген. 2023 жылдың наурызында Министрліктің бұйрығымен көксерке мен жайын балығын өңделмеген түрде 6 ай мерзімге шығаруға тыйым салынды.
«Бұл шара балық өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға мүмкіндік берді. Осыған байланысты, бүгінде тыйым салуды қайта енгізу мүмкіндігі қаралуда», – деп бөлісті сала басшысы.
Министр жариялаған мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта елімізде 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде 17 кәсіпорын жоғары талаптарға сай келеді және Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды.
«Бұл ретте, қосымша тағы 13 қазақстандық кәсіпорын осындай экспорт құқығын алуға өтінім берді. Сондай-ақ, экспорттық нарықты кеңейту мақсатында Қазақстан мен Қытай арасында ветеринариялық сертификат келісілді, ал Қытай елінің тізіміне 65 қазақстандық кәсіпорын енгізілді», – деп хабарлады Ерлан Нысанбаев.
Ведомство отандық балық өңдеу кәсіпорындарынан әлемнің 21 еліне балық өнімдерінің 100-ден астам түрі шығарылатынын жеткізді. Олардың ішінде ең ірі тұтынушылар – Ресей, Германия, Нидерланд, Литва және Қытай елдері.