Батыс Қазақстан облысында мемлекет тарапынан қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде шағын және орта бизнес тұрақты дамып келеді. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 33% деңгейінде болып отыр. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 21%-ға өсіп, бүгінде 58 мың бірлікке жеткен. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған аймақ әкімі Нариман Төреғалиев осындай деректер келтірді.
Оның ақпаратына сәйкес, бүгінде аталған секторда жұмыспен қамтылғандардың қатары 11%-ға өсіп, 126 мың адамды құрап отыр. Аймақ басшысы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының өңірлік өнім өндірісіне қосып отырған үлесі ауыз толтырып айтарлықтай екенін жеткізді.
«Шағын және орта бизнес субъектілерімен 1 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Осы салаға биыл 21,6 млрд теңге бөлініп, 3 мыңнан астам жобаларға қолдау көрсетілді», – деп баяндады облыс әкімі.