Әкімнің мәліметіне сәйкес, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылға республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге кредиттік қаражат бөлінген. Қазіргі таңда 714 өтініш бойынша 4,9 млрд теңге несие берілді. Аталған қаражатты жыл соңына дейін толықтай игеру көзделген.
Жалпы, Батыс Қазақстан облысындағы барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 617 мың га құрайды. Өңірде биылғы егін ору науқаны толықтай аяқталып, облыс бойынша 302 мың тонна астық жиналған, ал майлы дақылдардан 75 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ, 153 мың тонна картоп, көкөніс-бақша өнімі жиналды.
Аймақ басшысы облыста жылыжай шаруашылығы қарқынды дамытылып жатқанын атап көрсетті.
«Облыста қуаты жылына 11 мың тонналық голландиялық технологиямен 2 заманауи өндірістік жылыжай жұмыс жасап тұр. Бүгінгі таңда облыс халқын помидор мен қияр өнімдерімен толықтай қамтудамыз», – деді Нариман Төреғалиев.
Ол жиналған мол өнімді сақтау мәселесі де назардан тыс қалмағанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, облыстың маусым аралық кезеңде картоп-көкөніс өнімдерін сақтау қажеттілігі 70 мың тоннаны құрап отыр. Ағымдағы жылы 91 мың тонна картоп-көкөніс өнімдері жиналып, сыйымдылығы 52 мың тонна болатын 32 картоп-көкөніс қоймаларында сақталуда. 2026 жылға дейін 30 мың тонналық 17 қойма салу жоспарланған.
Сондай-ақ Нариман Төреғалиев облыс халқының көкөніс өнімдеріне деген қажеттілігі алдағы жылы толық жабылатынын атап көрсетті. Ол үшін 18 мың тонналық 4 қойма салу жоспарланғанын жеткізді.
Аймақ басшысының айтуынша, 2023 жылы ауылшаруашылық саласын қолдауға 30 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 3 мың агроқұрылымға 12 млрд теңге субсидия төленді және 20 млрд теңгеге жуық кредит берілді. 2023-2026 жылдарға АӨК секторында 89 млрд теңгеге 40 инвестициялық жоба жоспарланса, биыл 6 млрд теңгеге 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.