Оның айтуынша, мектептерді апаттылық жағдайына дейін жеткізбеу үшін 2,5 млрд теңгеге 4 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізілген. 3 нысанды 2024 жылға дейін аяқтау жоспарланған.
«Апатты жағдайдағы мектептердің, сонымен бірге үш ауысымды оқыту, оқушы орын тапшылығы мәселелерін түбегейлі шешу үшін 32 млрд теңгеге 27 мектептің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 4 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 12 мектеп құрылысын аяқтайтын боламыз. Мектептерде оқушыларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасау үшін 2,3 млрд теңгеге 114 заманауи пәндік кабинеттер жабдықталып, 62 ауылдық мектептерге қажетті құралдар мен жиһаз алынды», – деп нақтылады облыс әкімі.
Сонымен қатар, оның атуынша, денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 12 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде.
«Қазіргі таңда 6 нысан бойынша құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, іске қосылды. Жыл соңына дейін қалған 6 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Алдағы жылы осы бағытта 38 медициналық нысанның құрылысы жоспарланып отыр», – деп хабарлады Нариман Төреғалиев.
Ол саланы кадрлармен қамту бойынша өңірге дәрігер мамандарын тарту және қолдау мәселесі шешіліп жатқанын атап көрсетті. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен резидентураға 18 грант, абитуриенттерге 60 грант бөлінген. Сондай-ақ биылдан бастап ауылдық жерлерге жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында 1,5 млн теңгеден бастап 5 млн теңгеге дейін бір реттік қаржылай көмек көрсету қарастырылып отырғанын айтты.