Батыс Қазақстан облысы орталығынан 600 шақырым жерде орналасқан Бөкей ордасына жол тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл тарихи мекеннің туристік әлеуетін арттыруға үлкен септігін тигізеді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында журналистің сұрағына жауап беру барысында осылай мәлім етті.
«Ол жерде Жәңгір хан атамыздың Хан ордасы бар. Ондағы біраз тарихи ғимараттарды біз жөндедік. Және қосымша әкімшілік ғимараты мен визит-орталығын салып бердік. Бүгінгі күні жолды сол жаққа апара жатырмыз. 245 шақырым жол құрылысы 2019 жылы басталды. 2019-2022 жыл арасындағы төрт жыл ішінде 124 км жол салған екенбіз. Биыл бір жылда 104 км апардық. Қазір Бөкей ордасымен екі ортада 16 км қалып отыр. Мұратсай деген ауылдың тұсында. Ол жолды аяқтау жоспарымыз бар. Сондықтан қазір жол түскеннен кейін туристердің артқанын көріп отырмыз», – деп мәлім етті аймақ басшысы.
Нариман Төреғалиевтің айтуынша, жол мәселесі біршама шешілген соң халықтың қызығушылығы артып жатыр. Тарихи ескерткішті тамашалауға қазақстандықтардан бөлек, Ресейдің Волгоград, Астрахан, Саратов, Самара облыстарынан туристер көп келеді.
«Біз Ресейдің 5 облысымен шекараласпыз. Ресейден көптеген адамдардың Хан ордасына қызығушылық танытып жатқаны бізді қуантып отыр», – деп тұжырымдады өз сөзін өңір басшысы.