Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жылыжай шаруашылықтарына мемлекеттік қолдау шараларының нәтижелері қаралды. Биыл алғаш рет субсидиялаудың жалпы ережелеріне фермерлік жылыжайларға субсидия алуға мүмкіндік беретін норма енгізілді. Енді жылыжайлар орналасқан облыс әкімдіктері тиісті өкімдерді қабылдап, субсидия мөлшерін белгілеуі тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда екі өңірде ғана бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр – Шымкент пен Түркістан облысында. Түркістан өңірінде өнеркәсіптік жылыжайларға — 8,1 млн теңге/га, фермерлік жылыжайларға — 4,8 млн теңге/га белгіленген. Ал Шымкентте биылғы жылдың 20 қарашасына дейін нормативтер бойынша өкім шығару жоспарланған.

«Жылыжай шаруашылығын дамыту үшін мемлекет келесі қолдау шараларын көрсетуде: инвестициялық субсидиялар аясында жылыжай кешендерін салу және кеңейту жобаларын іске асыру кезінде шығындардың 25%-ын, тамшылатып суару жүйесін құру және кеңейту кезінде 50%-ын өтеу көзделген. Қазір біз норманы 25%-дан 30%-ға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан бөлек органикалық тыңайтқыштарды, пестицидтерді, биоагенттерді (энтомофагтарды) және биопрепараттарды, суаратын суды қоспағанда, тыңайтқыштардың құны субсидияланады. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде жылыту шығындары субсидияланады. Бүгінгі таңда 605 фермерлік жылыжай ұлттық стандартқа сәйкестік сертификатын алды, олардың иелері жақын арада субсидия алуға өтініш бере алады. Осылайша, жылыжай шаруашылықтары өндірісінің барлық циклі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған және нарықты қорғау бойынша қосымша шаралар талап етілмейді. ТРМК Ұлттық аккредиттеу орталығының мәліметі бойынша, фермерлік жылыжай шаруашылықтарының тағы 142 өтінімі инспекция органдарының қарауында жатыр», — деп хабарлады ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин әкімдіктер мен бақылаушы мемлекеттік органдарға көкөністерді жабық топыраққа отырғызу алдында жылыжайларға уақытылы көмір жеткізуді бақылауға алуды тапсырды.

«Жылыжайлар мен көкөніс қоймалары — ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының маңызды элементтерінің бірі. Бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігі аясында елімізге қажетті дақылдарды өсіретін шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуіміз керек. Мысалы, ол дақылдардың қатарында қызанақ пен қияр бар. Барлық өңірдегі қолданыстағы жылыжайлардың есебін жүргізіп, аталған қолдау шараларын көрсетуді қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті вице-премьер. 

Жылыжай алаңдарының негізгі бөлігі Түркістан облысында орналасқан — 824,2 га. Алматы облысында — 79 га, Жамбыл облысында — 23,2 га, Маңғыстау облысында — 15,5 га, Қарағанды облысында — 43 га, Ақтөбе облысында — 38 га, Атырау облысында — 15,6 га, Шымкент қаласында — 139,2 га және Алматы қаласында — 11,1 га.

Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларының 17-тармағына сәйкес, жабық топырақта басым дақылдар өндірісін дамытуды субсидиялауға арналған нормалар алынған өсім қорытындылары бойынша көкөніс дақылдарының бір дақыл айналымына белгіленеді (1 шаршы метрге егілген көшеттің 95% -ынан кем емес).