Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да еліміздің әртүрлі аймақтарында бір уақытта дүниеге келген бес бала 20 миллионыншы азамат ретінде анықталды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаев хабарлады.

Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау және Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында дүниеге келген. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.

«20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық оқиғаларды, елімізде туғандар мен келгендердің санын және қайтыс болғандар мен кеткендердің санын ескере отырып айқындалды. Биыл 1 қарашада Бюро халық саны туралы мәліметтерді жариялады, ол осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 19 967 964 адамды құрады. Яғни, 20 млн дейін 32 мыңнан астам адам жетпеді. Осылайша, Бюро әкімшілік көздермен жасалатын интеграция және халықтың ай сайынғы өсуінің орташа қарқынын ескеріп, 20 миллионыншы азамат қараша айында болатынын жариялады», – деді спикер.

Оның айтуынша, бұған дейін деректер қолмен өңделіп, қосымша уақытты қажет ететін. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және мерейлі көрсеткішті аз уақыт ішінде анықтауға мүмкіндік берді.

«13 қарашадағы жағдай бойынша біз миллиондық көрсеткішке жету үшін 277 адам қалғанын анықтадық. Бұдан әрі 14 қарашадағы халықтың табиғи қозғалысы мен көші-қоны бойынша келіп түскен деректерді ескере отырып, біз миллионыншы азаматтың туған уақытын анықтадық», – деді Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаев.