Жыл сайын 20 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынысы бойынша Дүниежүзілік балаларды қорғау күні аталып өтіледі. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Дүниежүзілік балалар күні: Өмірім балаларға арналады» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оның барысында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Қазақстанда балалардың әрбіріне денсаулық, өмір сүру, даралық, білім алу, отбасылық тәрбие, демалыс пен бос уақытты пайдалануға барлық жағдай жасалғанын айтты.
«1 млн 200 мың жас спортшы үшін халықаралық және ұлттық оқушылар гимназиадасы, Ұлттық мектеп лигасы бар, басқа спорттық іс-шаралар өткізіледі. 2025 жылға қарай мектеп спорт секцияларында балаларды қамту санын 50%-ға жеткізу жоспарлануда», – деп мәлім етті министрлік өкілі.
Сондай-ақ, балалар күннің үштен бір бөлігін мектепте өткізетіндіктен және олардың денсаулығы мектептегі тамақтануға тікелей байланысты болғандықтан 1 миллион 700 мыңнан астам балаға тегін мектеп тамағы ұйымдастырылғанын хабарлады.
Оған қоса, аз қамтылған отбасылардан шыққан 450 мыңнан астам оқушыға жыл сайын жалпыға бірдей білім беру қорынан материалдық қолдау көрсетілетінін жеткізді.