Биыл 5 мектеп салуға келісімшарт жасалып, бүгінде Семей қаласында екі білім ордасының құрылысы басталған. Оған қоса, демеуші қаржысы есебінен 1200 орындық мектеп салынып жатыр. 

«2025 жылға дейін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 6 шағын жинақталған мектеп, және жұмыс істеп тұрған мектептерге 6 қосымша құрылыс салынатын болады. Сол сияқты, балаларды қосымша біліммен жан-жақты қамту мақсатында көпбейінді Оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз», – деп мәлім етті облыстың әлеуметтік саласын дамыту жоспарларымен бөліскен Нұрлан Ұранхаев.

Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес, биыл 1-ші қыркүйектен бастап Шәкәрім университетінде «Shakarim High School» және Ә.Бөкейхан университетінде «Abay IT-School» мектептері ашылады. 

Сонымен қатар, өңір әкімі денсаулық сақтау саласында 2025 жылға дейін 10,8 млрд теңгеге 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын салу көзделгенін жеткізді. Ал Семей қаласында 5 медициналық нысан бой көтереді. 

«Сонымен қатар, Қарағайлы ауданында, жеке инвесторлар есебінен емхана мен Нефрология орталығының құрылысы басталды», – деді өңір басшысы.