Астанада шетелдікті алдап кеткен такси жүргізушісі ұсталды. Елордалық таксопарктердің бірінің жүргізушісі әуежайдан қонақүйге дейін жеткізіп салғаны үшін 45 мың теңге алған. Бұл қолданыстағы тарифтен ондаған есе артық. Енді такси жүргізушісінің өзі айыппұл төлейтін болады.
Тағы бір жағдай Павлодарда орын алды. Бір әйел кіреберісте баспалдақта жатқан мысықтың үстіне сірке суын төккен. Үй жануары клиникаға жеткізілді, жағдайы ауыр, ал қатыгез әйелге қатысты қандай жаза қолданылатынын тергеу анықтайды. Жануарға қатыгездік жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл екі жағдай туралы куәгерлер хабарлады. Елімізде ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кесуде азаматтық қоғамны рөлі ерекше, құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен қылмыс жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығын іске асыру бойынша жұмыстар қолға алынды.
Ең бастысы – ұсақ қылмыс болмайтынын түсіну. Балалардың тентектігі де қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін.
Қазақстандық полицейлер осыны ата-аналар мен балаларға түсіндіруде.
Мысалы, тәртіп сақшылары оқушылармен 90 мыңға жуық кездесу өткізді. Олар құқық бұзушылықтар, соның ішінде есірткі қылмыстары, буллинг, бопсалау, вандализм және бұзақылық үшін қарастырылған жауапкершіліктер туралы айтады. Ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғатын бұзушылықтарға ерекше назар аударылады.
ІІМ қауіпсіз тәртіп ережелерін сақтауға дағдыландыру үшін балаларға «Зорлық-зомбылықтың құрбаны болмау үшін не істеу керек», ата-аналарға – «Бала зорлық-зомбылықтың құрбаны болмауы үшін не істеу керек» тақырыбында жадынамалар әзірледі. Олар әлеуметтік желілерде, мобильді мессенджерлерде, ата-аналар, мектеп және жалпы үй чаттарында таратылады.
Әңгімелесулер, дәрістер, кездесулер мен жадынамалардан басқа, полиция жергілікті тексерулер жүргізеді. Жыл басынан бері 11 мыңнан астам жедел-профилактикалық іс-шара, рейдтер, жергілікті тексерулер мен акциялар өткізілді.
Іс-шаралардың қорытындысы бойынша, кәмелетке толмағандардың түнде ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 86 мыңнан астам ата-ана мен 1,5 мың мекеме иелері әкімшілік жауапкершілікке, 10 мыңға жуық ата-ана бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. 1,3 мың кәмелетке толмаған бала ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды.
Жыл басынан бері оқу орындарында кәмелетке толмағандарды бопсалаудың 49 фактісі тіркелді.
Мысалы, полиция Талдықорған қаласында колледж студенттерін бопсалаған үш жасөспірімді ұстады. Алматыда университеттердің бірінің студенттерінен, олардың ішінде кәмелетке толмағандардан ақша бопсалаған 4 адам анықталды. Алматы облысының Жамбыл ауданында оқушылардан жүйелі түрде ақша бопсалаған 5 жасөспірім құрықталды. Батыс Қазақстан облысында колледжде студенттерден ақша бопсалаған топ ұсталды. Тұтқындалғандар уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Барлық фактілер бойынша «Бопсалау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр. Ал осы баптың санкциясында төрт жылға дейін, адамдар тобы үшін – жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полицейлер кәмелетке толмаған бопсалаушының орташа портретін жасады. Ол 15-17 жас аралығындағы жастар, физикалық тұрғыдан мықты адамдар, толық отбасында тәрбиеленетін балалар.
Кәмелетке толмағандарды құқыққа қайшы әрекеттерге тартуға жол бермеу – Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының алдына қойған маңызды міндеттердің бірі.
Полиция балалардың оқу орындарындағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Оқу жылы басталғалы әрбір мектеп пен колледжге учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар және жедел қызметкерлер бекітілді. Олардың міндеттеріне оқу орындарына жүйелі түрде барып-тұру, сабақ өткізу, оқушылармен әңгімелесу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға теріс әсер ететін және қылмыстық идеологияны тарататын адамдарды анықтау жатады.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмыс ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық фактілері туралы полицияға «102» нөмірі немесе «111» сенім телефоны арқылы хабарлауға болады. Көрсетілген телефондар бойынша ақпараттық, консультациялық, психологиялық көмек және қолдау тәулік бойы жүзеге асырылады.
ІІМ-нің хабарлауынша, әрбір қазақстандық үлес қосса ғана ғана балаларды қорғап, қоғамда құқық бұзушылықтарға төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға болады.