Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында журналистермен есептік кездесу өткізді. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап берді. Осы жылдың тамыз айында Мемлекет басшысы Екібастұз қаласына барғанда балалар шығармашылығының жаңа орталығын салуды және «Шахтер» саябағын қайта құруды тапсырғанын еске салды.
«Орталықтың құрылысы ағымдағы жылы басталды, нысанды 2024 жылдың күзінде аяқтау жоспарлануда. «Шахтер» саябағын қайта құру бойынша жұмыс жобасы әзірленуде. 2024-2025 жылдары іске асыру жоспарланып отыр. Осы жылы 20 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді, 400 дана медициналық техникалар мен жабдықтар сатып алынды», – деді аймақ басшысы.
Жаңадан алынған 37 санитарлық көлік парктің жарақтандырылуын 51%-дан 68%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
2024 жылы 2 млрд теңгеге 17 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізу, 4,3 млрд теңгеге 398 бірлік медициналық жабдық сатып алу жоспарланған.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» аясында 2 жыл ішінде облыс аудандарында 30 медициналық нысан салу көзделген.