Өңірде халық табысын арттыру мәселесі назардан тыс қалмағанын айтқан әкімнің дерегінше, «Ауыл Аманаты» жобасы аясында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер 1,5 млрд теңгеге 192 шағын несие алып, 350 жаңа жұмыс орны ашылған. Оған қоса, жыл басынан бері өңірдегі 63 кәсіпорын өздерінің 57 мың қызметкерінің жалақысын орташа есеппен 16%-ға көтергенін жеткізді.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 позициясындағы 14-нің бағасы орташа республикалық бағадан төмен, ал, 9 позиция бойынша облыс ең төмен бағамен ТОП-5 өңірге кіреді», – деп атап өтті өңір басшысы.

Оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Павлодарда 1200 және 600 орындық екі мектептің құрылысы басталды. Келесі жылы әрқайсысы 1200 орындық 3 мектептің құрылысы көзделген. 

Сонымен қатар, өңірдің ірі өнеркәсіптік компанияларының қаражаты есебінен апатты мектептердің де мәселесі шешілді. Облыстың үш ауылында  3 жаңа заманауи мектеп салынған.

«Өңірде жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге 54 мектеп жаңғыртылды. Қалған 162 мектепті келесі екі жылда жөндейміз. Ауыл мектептері үшін 46 автобус сатып алынды», – деп қорытындылады Асайын Байханов.