Атап айтқанда, 22 млрд теңгеден астам сомаға 128 км астам жылу желілерінің құрылысы, қайта құру және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сумен жабдықтау және су бұру саласында 18,4 млрд теңгеге 60 жоба іске асырылуда. Қалалар мен ауылдық жерлерде сумен қамтамасыз ету көрсеткішін тиісінше, 97%-ға және 98,8%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
«Екібастұзға жеке тоқталайын. Екібастұз ЖЭО-дағы 10 қазандық агрегаттың 6-на күрделі жөндеу және 2-не ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. ЖЭО штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жылудың қажетті параметрлерін беруде. Қалған екі қазандық бойынша жұмыстар аяқталды, ағымдағы айдың соңына дейін іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіледі. ЖЭО жөндеуге 17 млрд теңге бөлінді, оның ішінде бюджеттен 8,5 млрд және «ОАЭК» АҚ қаражаты есебінен 8,5 млрд», – деді аймақ басшысы.
Биыл Екібастұз қаласында 70 шақырымнан астам жылу желілері жөнделді, бүгінгі таңда барлық жұмыстар аяқталды. Қаланың жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге барлығы 5,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 2,1 млрд теңге – облыстық бюджет қаражаты, ал, 3 млрд теңге «ЭЖЭ» ЖШС меншік иелерімен бөлінді.
Ақсу қаласын жылумен Ақсу ферроқорытпа зауытының қазандығы қамтамасыз етеді. Ақсу қаласындағы жаңа қазандыққа қатысты тоқталған әкім биыл мердігер «KBI Energy» ЖШС жобалық құжаттамаға түзетулер енгізіп, «Мемсараптама» РМК оң қорытындысын алғанын айтты. Айтуынша, іске қосу-баптау жұмыстарын жылу беру маусымының соңында, 2024 жылдың көктемінде жүргізу жоспарлануда.
«Қалалық аумақтарды дамыту бас жоспарларды уақтылы тұрақтандыруды талап етеді. Ол үшін біз Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының бас жоспарларын түзету бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Барлық үш қала бойынша заңнамаға сәйкес оларды бекіту бойынша іс-шаралар жүргізілуде», – деп атап көрсетті спикер.
Әлеуметтік тұрғын үйге кезекті азайту үшін қалаларда 1,5 мың пәтерлі 14 көпқабатты тұрғын үй салынды. 2024 жылы ауылдық жерлерде 206 пәтерлі 9 үй салу жоспарлануда.