Желінің өткізу қабілетін арттыру және Қазақстанның Батыс аймағындағы тұтынушыларды тұрақты энергия қуатымен қамтамасыз ету мақсатында «KEGOC» АҚ «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық 220 кВ бес электр беру желісін салды. Жұмыс барысында 4,2 мыңнан астам электр бағаналары орнатылып, «Уральская», «Правобережная», «Индер», «Құлсары», «Теңіз» қосалқы станцияларын кеңейту қамтамасыз етілді, сондай-ақ «Қарабатан» жаңа таратушы қосалқы станциясы іске қосылды.

Жобаны іске асыру нәтижесінде электр желісінің қуаттылығы айтарлықтай ұлғайтылды: «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау» учаскесінде 100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін; «Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 МВт-тан 200 МВт-қа дейін. Нәтижесінде Батыс аймақ желісінің сенімділігі екі есеге артып, апат ықтималдығы төмендеді.

Әлихан Смайылов өз сөзінде бұл стратегиялық маңызды жобаның Батыс аймағының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Мұның барлығы электр желілерінің өткізу қабілетін екі есеге ұлғайтуға, сондай-ақ еліміздің батыс өңіріндегі тұтынушылар үшін энергоблоктарда, оның ішінде МАЭК станциясында авариялық жағдайлардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.

Батыс аймақтың электр желісін нығайту, сонымен қатар оның әрі қарай Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикасы жүйесімен интеграциялануына негіз болмақ.

«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов құрылыс жұмыстары кезінде қолданылған заманауи электр желісі жабдықтары жоғары өнімділігімен ерекшеленетінін атап өтті.

«“Индер’’ қосалқы станциясында орнатылған басқарылатын қосымша реакторлар кернеуді ауыстырмастан тұрақтандыратын бірегей кешен болып табылады. Ол сондай-ақ белсенді және реактивті қуат ағынын жылдам басқаруға мүмкіндік беретін ұзақ электр беру желілері мен тарату желілерінің ысыраптарын азайтып, жұмысының сенімділігін арттырады», — деді Нәби Айтжанов.

Құрылыс жұмыстарына отандық металл және темірбетон тіректері, сымдар, оқшаулағыштар мен трансформаторлар пайдаланылды. Қазақстандық қамту үлесі шамамен 70%-ды құрады.