Түркістан облысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында әкімдердің халықпен кездесулері жаңа форматта өтіп жатыр. Биыл барлық деңгейде жалпы саны 3 733 кездесу ұйымдастырылып, 6 578 мәселе көтерілді. Осындай басқосуларда жиі көтерілетін сұрақтар: инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және әлеуметтік мәселелер. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі есептік кездесуде өңір басшысы Дархан Сатыбалды мәлім етті.
Оның айтуынша, бюджеттің мүмкіншілігіне қарай, көтерілген мәселелердің басым көпшілігі, нақты айтқанда, 89% өз шешімін тапты.
Сондай-ақ, аймақ әкімі елдегі саяси реформалардың аясында ауыл тұрғындары екі жылдан бері ауылдық округ әкімін таңдау мүмкіндігіне ие болғанын еске салды.
«Нәтижесінде, Түркістан облысы бойынша 140 ауылдық округ әкімдері сайланды.Сонымен қатар, ағымдағы жылы 4 аудан әкімінің сайлауы өтті. Қабылданып жатқан реформалардың барлығы – мемлекеттік басқарудағы шешім қабылдау процессіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін арттырып отыр», – деп мәлім етті Дархан Сатыбалды.