Түркістан шаһарына ерекше статус беру өңір халқы күтіп отырған оқиға. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасаған облыс басшысы Дархан Сатыбалды осылай деді.
«Былтыр Президентіміз қала тарихи, рухани орталық деген атауға лайық деп ұсыныс берді. Қазіргі таңда арнайы заң жобасын әзірлеп, ол орталыққа ұсынылды. Орталық мемлекеттік органдардың қарауында. Қазір көбінің келісімін алдық. Жақын арада Үкіметтің келісімімен ары қарай Парламентке өткізетін боламыз», – деп бөлісті аймақ басшысы Түркістан қаласына ерекше статус беруге қатысты атқарылып жатқан шараларға тоқталу барысында.
Дархан Сатыбалды Түркістан ең көне қалалардың бірі және оның аумағында ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары тізіміне кіретін Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бар екенін еске салды.
«Оны сақтап келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Сол себепті ерекше статустың берілуі біріншіден, түрлі мәселелер шыққан кезде, өзіміз шешім қабылдап, тиісті шаралар жүргізуге мүмкіншілік береді. Екіншіден, қаланың рухани, мәдени дамуына серпін береді деген сенімдеміз», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, ол кесененің айналасындағы құрылыстарды реттеу мәселесі туралы айтты. Оның сөзінше, Түркістан қаласын бір стильде дамыту көзделген. Осы ретте шаһарда құрылысқа байланысты кеңес құрылатынын жеткізді. Яғни, абаттандырудан бастап, нысандарды күтіп ұстауға дейінгі мәселелер назарда болады.
«Қазір кесененің жанында жеке меншіктің жері болса, ол бізбен келіспей, жобасын жасайды да, құрылысын сала береді. Ал ол жерде біздің ЮНЕСКО-ның талаптары бар. Соның бәрін бір стильде, дизайнда құратын боламыз», – деп қорытындылады өз сөзін Дархан Сатыбалды.