Әкімнің мәліметіне сәйкес, мал шаруашылығындағы өндіріс көлемі 47%-ға, дақыл өсіру-53%-ға жетеді. Бұл – облыстың жалпы өңірлік өнімінің 8%.
«Жыл қорытындысы бойынша 400 мың тонна астық бастырылды. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 14,4 центнерді құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23% - ке төмен. Ауа-райы жағдайына байланысты болып тұр», – деп түсіндірді Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ аймақ басшысы шығыс өңірдің майлы дақылдарды қайта өңдеу бойынша жеткілікті қуатқа ие екенін атап көрсетті. Бүгінде облыс аумағында май экстракция жасайтын 12 кәсіпорын бар. Қуаты 50 мың тонна болатын тағы бір зауытты іске қосу жоспарланған.
«Жұмыс істеп тұрған және жаңа кәсіпорындарды ескере отырып, май тұқымын қайта өңдеу көлемі 900 мың тоннаға жетеді. Өсімдік майының экспорты 2 есе өседі деп болжануда. Жақында Шанхай қаласында қазақстандық май өнімдерін жеткізу шарттарына қол қойылды, оның ішінде облысымыздың кәсіпорындары бар», – деді облыс басшысы.
Бұған қоса, Қазақстанда алғаш рет жылына 4 мың тонна сұйық лецитин өндіру үшін күнбағыс тұқымын терең өңдеу осы Шығыс Қазақстанда қолға алынуда. Облыс әкімінің ақпаратына сәйкес, 2025 жылдан бастап құрғақ лецитин шығару көзделген.
Сонымен бірге, Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысы кәсіби балық аулау бойынша республикада алдынғы қатарда екенін атап көрсетті. Оның ақпаратына сәйкес, үш жыл ішінде өңірде 3,5 мың тоннадан астам балық өсірілсе, 10 мың тонна табиғи балық ауланды.
«Жыл сайын Еуропа, Ресей және Қытай елдеріне 2 мың тоннадан астам өнімді экспорттауға мүмкіндік бар. Балық қорын толықтыруға ерекше назар аударылады», – деп мәлім етті өңір жетекшісі.
Жалпы, облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде 236,4 млрд теңгенің 37 жобасы іске асырылуда.