«Облыс өнеркәсібін 90%-ға өңдеуші сектордың кәсіпорындары қалыптастырады, бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Олардың ішінде көлемнің үштен екісі азық-түлік, сусындар мен темекі өнімдерін шығаруға тиесілі. Отандық шырындардың 85%, сусындар мен балмұздақтың 60%, шарап өнімдерінің жартысынан астамы біздің облыста шығарылады», – деп нақтылап өтті Марат Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, еліміздегі гипсокартонның 81%-ын өндіретін зауыт Алматы облысында орналасқан. Сонымен қатар сэндвич-панельдердің 48%-ы, болат құбырлар мен профильдердің 27%-ы осы өңірде шығарылатынын жеткізді. Аймақ аумағында трансұлттық компания құны 100 млн долларды құрайтын жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауытын салуда. Нәтижесінде 217 жаңа жұмыс орны құрылып, өндірілетін өнім ішкі нарықтың 20% қажеттілігін қамтамасыз етеді.
«Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан фармацевтика саласында өндірілетін дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың төрттен бірі біздің аймаққа тиесілі. Облыстағы 7 зауытта соңғы 5 жылда өндіріс көлемі 1,3 есеге артып, 33 млрд теңгені құрады», – деп мәлім етті облыс басшысы.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өндірісі 7,7%-ға өсті. Салада 34 жоба іске асырылып, 1087 жұмыс орны ашылды.