Оның айтуынша, 2023-26 жылдарға арналған туристік мастер-жоспары әзірленген. Оның аясында туристер санын ұлғайтуға мүмкіндік беретін іс-шаралар атқару көзделген.
«Республикалық туристік картаға енген әрбір оныншы нысан біздің өңірде. Ағымдағы жылы 15 туристік аумақта 337 шақырым таулы соқпақтар мен маршруттарды абаттандыру жұмыстарын бастадық», – деп мәлім етті облыс басшысы.
Бұл ретте әкім Қытаймен арадағы визасыз режимді тиімді пайдаланып, туристерді көптеп тарту үшін Нарынқолда жаяу өткізу пунктін ашу жоспары барын айтты.
Сондай-ақ, туристер үшін ерекше тартымды Көлсай көлдерінің инфрақұрылымын дамыту, кәріз жүйелері мәселесін шешу қолға алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, биыл демеушілердің есебінен тегін Wi-Fi нүктесі қосылып, бейнебақылау камералары орнатылды.
«Осы жерде Көлсайдың жанындағы Саты ауылы жақында Өзбекстанда өткен Дүниежүзілік туристік ұйымның кеңесінде «Ең үздік туристік ауылдардың» қатарына енгізілді. Бұл туризмді дамыту жұмыстарына берілген жоғары баға», – деп атап көрсетті Марат Сұлтанғазиев.