Қазақстандық банк секторының дамуы тұрақты сипатқа ие. Капиталдандыру көрсеткіштерінің жоғары болуы ағымдағы күйзелістерді еңсеруге мүмкіндік береді. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары  Олжас Қизатов осылай мәлім етті.

Сектордың негізгі көрсеткіштеріне тоқталған агенттік өкілі елімізде 21 екінші деңгейдегі банк қызмет ететінін атап көрсетті. Оның ішінде шетелдің қатысуымен 11 банк, мемлекеттің 100% қатысуымен 2 банк жұмыс істейді.

2023 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша банктердің активтері 8,6%-ға ұлғайып,  48,4 трлн теңгені құрады. Ал клиенттердің салымдары 4,8%-ға өсіп, 33,1 трлн теңгені құрады. 

«Халық пен бизнестің депозиттерінің тұрақты өсуін атап өткен жөн. Олар 5 жыл ішінде 2 есе өсті. Жыл басынан бастап ұлғаю 4,8%-ды құрайды, бұл банк жүйесіне деген сенімнің жоғары деңгейін растап отыр. Депозиттік базаны долларландыру деңгейі жыл басынан бері 36,7%-дан 29,5%-ға дейін төмендеді», - деп нақтылап өтті спикер.

Оның айтуынша, ағымдағы тәуекелдерді өтеу үшін банк секторының капитал қоры жеткілікті. Сондай-ақ, меншікті капиталы 6,4 трлн теңгені құрады. Банктердің өтімділігі жоғары активтері үстіміздегі жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 14,6 трлн теңгені немесе активтердің 30%-ын құрады. Бұл банктердің клиенттер алдындағы міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді. 
Олжас Қизатов портфель сапасының көрсеткіштері айтарлықтай жақсарғанын атап көрсетті. 

«Жұмыс істемейтін кредиттердің коэффициенті тарихи тұрғыдан ең төмен мәнге жетіп, 2022 жылдың басынан бері 3,3% деңгейінде сақталып отыр», - деді агенттік өкілі.