Оның айтуынша, бизнес субъектілерін несиелендіруді қолдау мақсатында Агенттік 2020 жылдан бері пруденциялық ынталандыру шараларын іске асыруда. Нәтижесінде банктердің капиталы мен өтімділігіне түсетін реттеушілік жүктеме азайтылды, сондай-ақ банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптар жеңілдетілді.
«Қазіргі уақытта Агенттік синдикатталған кредит беруді дамыту, еншілес шетелдік банктер тарапынан кредит беру мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ шетелдік банктерді тарту және қабылданатын талаптарды ырықтандыру есебінен банк секторында бәсекелестікті арттыру үшін қосымша шараларды да іске асыруда», – деп баяндады спикер.
Олжас Қизатов еліміздің барлық өңірлерінде экономикаға кредит берудің өскенін атап өтті. Бұл ретте берілген кредиттер республикалық маңызы бар қалаларда шоғырланған, Алматыда – 42,2%, Астанада – 13,6%, Шымкент қаласында – 5,7%.
«Салалар бойынша экономикаға кредит берудің едәуір үлесі өнеркәсіпке – 11,5% және саудаға 10,2% тиесілі. Жыл басынан бері салалар бойынша кредиттер құрылымы айтарлықтай өзгермеген. Бұл ретте жыл басымен салыстырғанда көлік және сауда салалары бойынша тиісінше 24% және 16%-ға кредит берудің өсуі байқалады», – деді спикер.