«Олардың бесеуі өз жұмысын бастап кетті. Соның арқасында шетелдік құрылыс материалдарына және өнеркәсіп өнімдеріне деген сұранысты төмендетіп, қазақстандықтар отандық ауыл шаруашылығы техникасымен қамтылмақ. Қазір май шығаратын «МаслоДел» зауыты салынып жатыр. Оған 23 млрд теңге инвестиция құйылды. 217 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ел және Орталық Азия аумағындағы ең ірі кәсіпорын болады», – деді облыс әкімі. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, көлік-трактор паркінің ескіруі саладағы маңызды мәселелердің бірі. Бұл көрсеткіш республика бойынша 80% болса, Солтүстік Қазақстанда 75%-ды құрайды. 

«Жыл сайын біз техниканың 5 пайызын жаңартамыз. Енгізіліп жатқан көлік құрастыру жобалары отандық өндірушілердің ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын арттырады», – деді спикер. 

Сондай-ақ өңірде алкоголь өнімдерін шығаратын кәсіпорынның құрылысы жалғасуда. «Евразиан Милк» компаниясы сүт зауытын кеңейтіп, ірімшік өндірісін екі есеге арттырмақ. Жалпы өнім көлемі 6 мың тоннаға жетеді. Облыста құрама жем зауыты мен диірмен кешенін салу жұмыстары жүргізілуде.

Шекара маңындағы аумақтарда Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту басымдық болып табылады. Биыл мұндағы өнеркәсіптің жалпы көлемі 519 млрд теңгеден 595 млрд теңгеге дейін өседі.

Сонымен қатар әкім 300 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу, республикалық, жергілікті және ауылдар ішіндегі маңызы бар 770 шақырым жолды жөндеу; елді мекендерді коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жайлы жоспарлармен бөлісті.