Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге суармалы жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі жол картасы әзірленді. Оның аясында облыста тасқын суларды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру мен жаңғырту шаралары жүргізіліп жатыр. 

«Заманауи суды бөлу мен есепке алу жүйелерін енгізу үшін халықаралық компанияларды тартудамыз. Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай қашан да өзекті. Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 6,8 млрд текше метрге азайды. Өткен жылдан бастап 4,6 млрд теңгеге «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда», – деді өңір басшысы.

Бұл жоба 2024 жылы аяқталады. Оның аясында зақымдалған бөгетті қалпына келтіріп, теңізде су айналымын қалыптастыру арқылы тіршілік нәрінің тұздылығын төмендету жоспарда бар.