Оның айтуынша, жалпы республикамыздың өнеркәсіп көлемінің 24%-ы Атырау облысына тиесілі. Аймақта 10 ай ішінде 43,9 млн тонна мұнай, 22,7 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндiрілді.
Мұндай жоғары жетістіктер облыстың жалпы ішкі өңірлік өнім көлемі көрсеткішіне де оң әсерін тигізді. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы 1 жартыжылдықта облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 315,2 млрд теңгеге өсіп, 6,7 трлн теңгені, нақты көлем индексі 103,8%-ды құрады. Республиканың жалпы ішкі өніміндегі облыс экономикасының үлесі – 14,1%. Ал жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім – 9,6 млн теңге. Әкім өңірдің салықтық түсімдері жайлы да айтып өтті.
«Жыл басынан бері салықтық және басқа да міндетті түсімдер 4,8 трлн теңгені құрады. Оның 2,3 трлн теңгесі мемлекеттік бюджетке жөнелтілді. Яғни 1,7 трлн теңгесі республикалық бюджетке, 6 млрд теңге қаражат жергілікті бюджетке түсті. Ұлттық қорға 2,5 трлн теңге аударылды», – деді Серік Шәпкенов.
Өңір әкімі басқа да маңызды макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқталып, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау қызметіндегі оң өзгерістерді атап өтті.